Кіру

Жеке бөлмеге кіру

Пайдаланушы аты *
Құпия сөз *
мені есте сақтау

  8(7112)  51-52-26

   8(7112)  51-52-26

Жайық қалашығы – ортағасырлық Орал

Ортағасылық Жайық қалашығы Орал қаласынан оңтүстік шығысында 12 км жерде орналасқан. Зерттеу жұмыстары Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы мамандары тарапынан жүргізілуде. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеші тұрғын, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Қазіргі таңда бізге белгілілері - кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер.
Кірпіш кйдіретін пеш қалдығының орны көлемі 10х10м. шұңқырда орналасқан. Қазба жұмыстарынан соң, тік бұрыш пішінді кірпіш күйдіргіп жағу камерасының қалдығы сақталғаны белгілі болды. Пештің сақталған көлемдері: ұзындығы 476 см, ені 360 см, биіктігі 120-150 см. Қабырғалары кірпіштен тұрғызылған. Кірпіштердің көлемдері: 30х25х6; 30х30х6 см.

Кірпіш күйдіретін пеш. Жайық қалашығы

Осындай кірпіш күйдіретін қондырғылар Еділ маңы және Жайық өңіріндегі Алтын Орда дәуіріне тиісті қалаларына Орта Азиядан келгендігін ғылымдар тұжырымдайды. Бұндай нысандар - кірпіштерді, жылтыр тақташаларды, үлкен ыдыстарды (хумдар) күйдіріп жасауға арналған. Бұндай пеш Жайық қалашығынан саны жағынан табылған екінші нысан. Дәл осындай ескерткіш 2002 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылып зерттелді.

Кірпіш күйдіретін пештің аркалары. Жайық қалашығы

Жалпы халық тұтынатын құрлыстың бірі - сол заманда «хаммам» деп аталатын, шығыс моншасы болған, ол қаланың ортасында орналасқан. Монша қалдығы қазіргі таңдағы жер деңгейінен 150-170 см тереңдікте жайласқан. Орлардың жан-жағынан 10-15 см қалыңдықтағы қара күйе қабаты анықталды. Үстіңгі қабаттың жоғарынан, күйдірілген кірпіштермен тіктелген құрылыс элементттері табылды. Бұл құрылғылар моншаның сыртқы қабырғасы, сонымен бірге ішкі құрылысының бөлшектері болған.
Ең қызықтысы бұл жерде ақаба ағынды сулар бір жерге жиналатын жүйесі болған. Ағын сулар қыш құбырлардың көмегімен орталық бір орға жиналған. Қазба жұмыстары кезінде осындай құбырлар көптеп табылды. Моншаның жалпы көлемі 110-120 шаршы метр аумақты қамтиды. Орталық зал - сегіз бұрышты, оған шығыс және батыс бағыттан шағын шомылу бөлмелері жапсарыла салынған. Монша жер асты жағу жүйесімен жылытылған. Қызу өткізетін жүйелер еден астынан барлық ішкі бөлмелерге таратылады. Құрлыстың төменгі бөлігі жер астына қарай 140 см тереңдікте орналасқан.

Ақаба ағынды суларға арналған құбыр. Жайық қалашығы

Шомылу бөлмелеріне су қыш құбырлармен жеткізілген. Қазба жұмыстары кезінде қыштан жасалған шылапшын-ләгендер де табылды. Шомылу бөлмелерінің құбырларының шығу көзінде шағын тас ыдыстар қойылған.

Моншаның жылыту жүйесінің қалдығы. Жайық қалашығы

Монша - орғасырлық мұсылман қалаларында, мешіттен кейінгі, басты халық пайдаланатын орын болған, сондықтан да бұл орындарды безендіру барысында өз кезеңіндегі озық архитектуралық үлгілерді қолданған. Зерттеу кезінде ғимараттың сырттарын безендірген жылтыратылған тақшалалар сынықтары көптеп табылды.
Кірпіш күйдіретін пештен батыс бағытта 50 метр-дей жерде әк-тас күйдіретін пештің қалдығы табылды. Ортағасырларда құрылыс жұмыстары кезінде негізгі материалдарды бір бірімен байланыстратын әк болып келді. Оларды күйдіріп алу үшін арнаулы пештер жасаған. Жайық пеші цилиндр пішінді болып, 250 см-лік тереңдегі шұңқырға кірпіштерден тіктелген.

Әктас күйдіретін пеш. Жайық қалашығы

Қазіргі таңда 13 қатар кірпіш сақталған. Кірпіштердің көлемі: 30х30х6 см, ал қабырғасының қалыңдығы 32 см. Қабырғаның ішкі жағы жоғарғы температура ыстығынан қожданып кеткен. Пештің ішкі диаметрі 220- 230 см. Төменгі бөлімінде, оңтүстік жағында жоғарысы арка пішіндес кіру орны болып, ол 90 см жанжағына кеңейген. Ол одан сәл төменде ауа шығатын кішкене тесікшесі орналасқан. Тесікшенің көлемі 20х15 см. Пештің түбі саз балшықпен сылақталған және 5 см тереңге дейін күйген. Түбінен 70-80 см биіктікте кемер-кертпеш салынған бұл элементтің сыртқы жағы әктастан ағарып кеткен. Сондай-ақ, осы жерде күл және әктастың қалдықтары шоғырланған. Пештің сыртының оңтүстік бөлімінде тереңдігі 130 см шұңқыр тазаланды. Шұңқырдың ішінде ірі-ірі әктастың сынықтары тасталған. Бұл шұңқыр өртеуге тайындалған әктастарды жинап қоюға арналған орын.

Әктас күйдіретін пештің кіру орны. Жайық қалашығы

«Кіші тұрғын-жай» мекенінің орнында қазба жұмыстарынан соң, оның қызметі және тіктеу әдістері, сондай-ақ, қандай құрылыс материалдарды пайдаланғандығы туралы көптеген мәліметтер алынды. Үй-жайдың тұрғындарға арналған бөлігі өз алдына бөлек құрылыс түрінде, жобасына қарай 2 бірдей бөлмеден тұрады, бөлмелер бір-бірінен күрделі қабырғалармен бөлінген (қабырға қалыңдығы 0,8 м). Мекен-жайдың кіріп-шығу есігі солтүстік қабырғада орналасқан. Орталық қабырғаны бойлай орналасқан есіктер арқылы тұрғын бөлмелерге өтуге болады. Бөлмелер арнаулы жүйелермен жылытылған. Тұрғын бөлмелердің айналасында қосымша шағын бөлмелер орналасқан, олар заттар қоятын бөлмелер, қоймалар болғаны айқын. Мекен-жайдың ауқымды ауласы және аула ішінде шаруашылыққа арналған жайлар орналасқан.
Қалашықтан 1,5 км ара қашықтықта солтүстік-батыс бағытта қалашықтың орталық бейіті орналасқан. Бейітте ерте темір ғасырына тән обалар мен ортағасырларға тиісті кесенелер орналасқан. Олардың ішінде анағұрлым танымалы екі кесене. Біріншісі - екі камералы немесе «кіші кесене» деп аталған, бұл ескерткіш жоғарғы тап өкіліне тиісті болуы мүмкін. Құрылыс және қаптау материалдары жергілікті жерде өндірілген, олар жоғарыда айтылған құрылыс материалдарын күйдіретін пештерде жасалғаны анық.
Кесененің архитектуралық әдісі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы барлық Алтын Орда дәуіріне тиісті осындай құрылыстарына тән болып, жоспарда төрт бұрыш пішінде тіктеліп, 30х25х6; 24х24х5 см өлшемді кірпіштерден қаланған. Қазба жұмыстары кезінде құйылған өсімдік тектес оюлармен айшықталған қаптама тақтайлар көптеп табылды, бұндай жәдігерлер Алтын Орда қалаларының құрылыс ғимараттарында кездеседі.
Құрылыс орындарының қабырғалары мен едендері бір кездері түбегейлі бұзылып, талқандалған. Кесене жоспарда тікбұрышты пішіндес болып, көлемі 9х12 м, екі күмбезбен көмкерілген. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 175 см.
Бейітттегі зерттелген екінші нысана «Үлкен кесене». Кесене екі камералы болып келіп, мөлшері - 12,85х19,5 м. Кесене үстінде, көлемдері әртүрлі пішіндегі күмбез болғанға болжамдалады, олар өзіндік табандар мен өтпелі қондырғыларға орнатылған болуы мүмкін. Күмбездердің сыртқы бөлігі көк жылтыр қаптамалармен көмкерілген.
Ескерткіштің алдыңғы беті (фасады) орталық монументальды портал түрінде дайындалған. Кесененің ішкі бөлігі алтын жалатылған көк түсті қаптамамен, полихромды жазбамен безендірілген. Бірінші бөлменің көлемі 4,4х4,4 м. Бұл бөлмені зияратшылар Құран сүрелері оқуға немесе басқа да діни шаралар үшін пайдаланған болуы керек. Ал негізгі бөлмеде 11 жерлеу орны анықталды.
Кесене туыстық немесе қандайда бір діни ғұлама жерленіп, кейін ала, оның қасына мурид-оқушылары жерленген болуы мүмкін, себебі бір жерлеу орны негізгі болып, ал қалғандары соңынан қойылған.
Енді, осы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатырған қала туралы тарихи жазба деректер бар ма? Бұл үшін алдымен XIV-XV ғғ. тиісті картографиялық материалдарды қарағанымыз мақұл. Алтын Орда мемлекеті туралы жанжақты мағлұмат беретін 1367 ж. ағайынды итальяндық көпестер Франциско және Доменико Пицигани жасаған картасы бізің ескерткішімізге қатысты өте бағалы мағлұмат береді. Бұл деректе «Лаэти»дің (Еділ мен Жайықтың ортасында, Каспийдің жағасында орналасқан қала) шығысында жазумен және бір қала көрсетілген. Ол жерден солтүстікке екінші мекен орының мұнарасында жалауы желбіреген бекініс-қамал белгіленген. Өкінішке орай бұл мекен орынның аты жазылмаған. Егер суретте берілген мұнараның көлемінің үлкендігіне және оның үстінде жалаудың желбіреуіне қарағанда, бұл орын ірі саясий-экономикалық орталық болғандығына дәлел болады. Картадағы бірінші қала сөзсіз - Сарайшық, ал осы жерден солтүстікте орналасқан екінші атаусыз қаланы Жайық қалашығымен салыстыруымызға болады. Бұндай тұжырым жасауға бірнеше дәлелдерді айтсақ болады. Біріншіден- қазіргі Орал мен Атырау қалаларының арасында Сарайшықтан басқа ірі ескерткіш әлі табылған жоқ, ал біздің Жайық қалашығы дәл осы орталықта жайласқан. Екінші- жоғарыда атап кеткеніміздей, Жайық қалашығы аумағынан бірнеше құрылыс материалдарын өндіретін нысаналар табылды, егер қала құрылысына құрылыс материалдары қажет болмаса бұндай нысаналар салынбайтын еді, бұл экономиканың заңы. Сондай-ақ, және бір дәлел ретінде тарихи деректі айтып өтсек болады. 1562 ж. ағылшын капитаны Антони Дженкинсон Мәскеуден Үргеніш қаласына дейін сауда мақсатында сапарға барған. Бұл сапарынан соң ол жүріп өткен жерлерін картаға түсірген. Оның жасаған картасынан Сарайшықтан жоғарыда кішкене белгімен Жайық өзенінің оң жағында Шакафни (Shakafni) атымен қала берілген. Бұл деректе жазылған қаланың аты бізің ескерткішімізге тиісті деген болжам жасауға болады. Дженкинсон өзі жүріп өткен жерлердің аттарын жергілікті адамдардан жазып алған. Бұл жерде аудармашының қателігі немесе жазып алған кезде ағылшын транскрипциясында қала атауы бұрмаланып берілген болуы ықтимал, мұндай құбылыс тарихта өте көп кездеседі. Бұл мәселені болашақта тарихшылар мен лингвистер шешеді деген сенімдеміз. Мүмкін Шакафни жергілікті халық арасында сол кезде Шаған деп аталуы мүмкін. Ең қызықтысы Шаган (Чаган) деп Жайық өзенінің бір тармағы осы күнге дейін аталады.
Қорытындап айтқанда, Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Жайық - осы бүгінгі Орал қаласының іргетасы. Кейінгі кездері Орал қаласының негізін 1613 жылы казактар салды деген көқарас кең таралуда. Соңғы кездегі зерттеу жұмыстары көрсетіп тұрғандай казактар келместен алдын осы жерде үлкен қала болған, ал казактар бұл жерге қандай себептермен және қандай мақсатта келгенін тарихи деректерден жақсы білеміз.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде бізің өңірімізде қалалық мәдениеттің ХІІІ ғасырда-ақ қалыптасқандығы дәлелденіп отыр. Бұл жаңалықты 2012 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақатан облысы тарих және археология орталығы ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференциясында ғалымдар тарапынан мақұлданды.
Сондықтан да бұл тарих және мәдениет ескерткішін жоғарғы ғылыми тұрғыда терең зерттеп оның нәтижелерін насихаттау өзекті ғылыми және мәдени маңызға ие. Бұл тарих ғылымында анағұрлым дұрыс зерттелмеген ортағасырлардағы тарихымыз туралы білімімізді кеңейтуге, қазақ халқы мен Жайық өңірінің басқа да халықтарының этногенезідік процестерін тереңірек түсінуге және бұрмаланған тарихи фактілер мен шешімдерден ашық түрде бас тартуға мүмкіндік береді.


Мұрат Қалменов -
тарих ғылымдарының кандидаты,
Батыс Қазақстан облысы
тарих және археология орталығының
ғылыми қызметкері.