Кіру

Жеке бөлмеге кіру

Пайдаланушы аты *
Құпия сөз *
мені есте сақтау

  8(7112)  51-52-26

   8(7112)  51-52-26

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының қазақ тарихы мен мәдениетінің көрнекті қайраткері, 1783 – 1797 жылдардағы ұлт – азаттық көтерілісінің басшысы, Сырым Датұлының жерленген жерін тауып, анықтау жөніндегі ғылыми экспедициясының қорытындысы

 Облыстық тарих және археология орталығының ғылыми экспедициясы ХҮІІІ ғасырдың аяқ шенінде Кіші Жүз қазақтары ұлт – азаттық қозғалысының жеткешісі болған Сырым Датұлының жерленген жерін түпкілікті тауып, анықтау мақсатында Батыс Қазақстан облысы Әкімінің бастамасымен ұйымдастырылды. Экспедиция жұмысы батырдың 265 жылдық мерейтойы аясында өтті.
 Экспедиция жұмысы Алматы мен Орынбордың мұрағаттарымен тікелей байланыста жүзеге асырылып, барлық тарихи және ғылыми – көпшілік әдебиеттер сұрыпталды, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар зерттелді, көптеген ғалымдарға сұрау салынды.
Қолда бар мәліметтер мен негіздерге сүйене отырып мынадай қорытынды жасауға болады. Батырдың жерленген жері әді күнге дейін түркілікті анықталған жоқ. Бірнеше тұспалдар бар, бірақ олардың бір де біреуі ғылыми зерттеулермен негізделмеген.

Экспедиция құрамына кіргендер:
1. Сдықов М.Н. – Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, экспедиция жетекшісі (Орал қаласы);
2. Қалменов М.Д. – Маңғыстау мемлекеттік тарихи – мәдени қорығының ғылыми жетекшісі (Актау қаласы);
3. Жүсіпқалиев Т.Т. - Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері (Орал қ.);
4. Ақбай Ж. - өлкетанушы  (Орал қ.)
5. Асанов В.Б. – ғылымдарының кандидаты, «Азық – түлік сауда коорпорациясы» («Продкорпорация») АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры.
6. Жонысов Б.И. – Сырым Датұлының тікелей ұрпағы  (Орал қ.)
Экспедицияның жұмысына Алматы мен Өзбекстанның мына ғалымдары белсенді қатысып, елеулі көмек көрсетті: Бижанов Е.Б. –Өзбекстан Ғылым Академиясы тарих, этнография және археология Институты Қарақалпақ бөлімшесінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Баязитов К. – филология ғылымдарының докторы, Өзбекстан Ғылым Академиясы тіл және әдебиет Институтының профессоры, Хожаниязов Г. – тарих ғылымдарының кандидаты, Өзбекстан Ғылым Академиясы тарих, этнография және археология Институты Қарақалпақ бөлімшесінің бөлім меңгерушісі; Төлемұратов М. – тарих ғылымдарының кандидаты, Амиров Ш. – ғылыми қызметкер, Өзбекстан Ғылым Академиясы тарих, этнография және археология Институты Қарақалпақ бөлімшесінің археологы.

Экспедицияның мақсаты
- Сырым батыр Датұлының нақты жерленген жерін анықтау.

Міндеттері:
1. Алдын ала көзделген аудандарға тікелей шығып жерленген жер туралы барлық негіздермен танысу.
2. Ескерткішке этноархеологиялық бағалалау жасай отырып, толық түрде тексеріп шығу;
3. Жинақтаған және зерттеген материалдарын пайдалана отырып Қарақалпақстан мен Өзбекстанның ғалымдары мен өлкетанушыларын жұмысқа тарту;
4. Жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, Өзбекстан аумағындағы руы байбақты қазатармен кездесу;
5. Өзбекстанның жергілікті мұрағаттарында және ғылыми мекемелерінде жұмыс жүргізу;
6. Түпкілікті тұжырымдар мен қорытындыларды ғылыми негіздеу;
7. Экспедиция қызметінің фото, бейне, дыбыс жазбасын жасау;
8. Жерленген жер нақты анықталған жағдайда тиісті рәсімдер жасау.

Экспедицияның бағыттары:
Экспедицияның негізгі тобы Өзбекстан Республикасының аумағындағы Нүкіс, Үргенш қалаларында, Қыпшақ, Бестөбе, және Гурлен кенттерінде жұмыс жасады.

Дерек көздері және оларға талдау:
1. Ресейдің, Қазақстанның, Өзбекстанның
мұрағаттарынан Сырым Датұлының қазасына тікелей қатысы бар нақты істерді – мұрағат материалдарын таба алмадық.
2. Ғылыми және тарихи әдебиеттер. Мұндай материалдар көздерін бірнеше топқа бөлуге болады: а) төңкеріске дейінгі материалдар - тарихи шығармалар, жазбалар, ресей офицерлері мен арнайы жіберген адамдарының қазақ даласы мен Орта Азияға экспедицияларының есептері түрінде сипатталады. Бұлар Н.А.Аристовтың, Б.Баламбергтің, А.Бланкеннагельдің, В.Вельяминов – Зерновтың, Н.Веселовскийдің, Н.Витебскийдің, Я.Гавердовскийдің, Г.Данилевскийдің, А.Диваевтің, А.Добромысловтың, Ф.Ефремовтың, А.Левшиннің, И.Мушкетовтың және басқаларының еңбектері.
Аталған авторлар жекелеген тарихи оқиғалар мен үлкен тарихи үдерістерді қарастыра отырып Сырым Датұлының тұлғасына жазып отырған проблемаларына қатысты ғана жанасып өтеді. Аталған еңбектерде батырдың өмірі мен қызметіне нақты назар аударылмаған. Сол себепті Я. Гавердовскийдің шығармасынан басқаларында С.Датұлының тікелей қазасына және оның жерленуіне қатысты мәліметтер жоқ. Бұл зерттеулердің құндылығы ХХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы саяси ахуалды сипаттауында, отандық тарих үшін құндылығы жоғары болып табылатын нақты түрдегі ауқымды материалды ғылыми айналымға салғандығында. Алай да қарастырылып отырылған мәселеге қатысты қажетті мәліметтер оларда болмай отыр. в) қазіргі заманғы ғылыми зерттеулер. Бұл топқа біз кеңестік кезеңнің де, жаңа дәуірдің де жұмыстарын кірістірдік. Олардың ішінде Сырымның өмірі мен қызметіне арналған зерттеулер де бар. Олар – М.Вяткиннің, С. Мұқановтың, К.Темірхановтың, А.Мұхтардың зерттеулері. Еңбектер үлкен  мұрағаттық материалдар негізінде этнографиялық мәліметтерді пайдалана отырып жазылған. Алай да бұл авторлар да Сырым Датұлының қазасы мен жерленуіне қатысты нақты негіздер келтірмейді.
3. Өлкетану әдебиеттері мен газет жарияланымдары. Бұл негізінен алғанда соңғы кездерде жарыққа шыққан материалдар. Олардың жарық көруі жұртшылықтың Сырым Датұлының жеке тұлғасына қызығушылығына негізделеді.  Негізінен алғанда оларды осы мәселемен тереңдей әуестенушілер жазғандықтан оның жағымды жақтары мол. Өйткені оларда аңыздар, ауызша айтылғандар, ауыз әдебиетінің нұсқалары, халық арасында ауыздан ауызға көшіп келе жатқан әңгімелер, қазақ халқының қиссалары сияқты ауқымды этнографиялық материалдар бар. Нәтижесінде олар Сырым Датұлы өмірінің ғылыми зерттеулерге енбеген көптеген жаңа беттерін ашты. Бірақ бұл топтағы материалдардың осал тұсы келтірілген мәліметтерге талдаудың жоқтығы және олардың басқа мағұлмат көздерімен салыстырылмауында жатыр.
4. Этнографиялық мәліметтер. Олар халықтың жады мен санасында қалып, естеліктермен және аңыздармен жетіп отыр. Мұндай негіздер ауқымы тек қана қазақстандық тарих ғылымында ғана емес, әлемдік тәжірибеде де айтарлықтай кең көлемдегі және сенімді ақпарат көзі ретінде қарастырылады. Этнологияда, этнолингвистикада және фольклорлық ауыз әдебиетінде, ауыздан ауызға көшіп жүрген әңгімелер, халықтың ауызша шығармалары мен халықтық саз туындыларының үзінділері ақпарат алудың маңызды көздерінің бірі болып табылады. Олардың сенімділігі осы тектес және басқа негіздермен салыстыру жолымен айқындалады. Сол себепті біз аталған топтағы барлық материалдарды белсенді түрде пайдаландық.
Сөйтіп,  ғылыми,  тарихи, және ғылыми – көпшілік әдебиеттердің  кең ауқымдылығына қарамастан Сырым Даттұлы өмірінің соңғы жылдарына, оның қазасы мен жерленген жеріне тікелей қатысы бар мәліметтер аясы тым тар көлемде болыр отыр. Сол себепті біз бұл жағдайдағы барша мүмкіндіктерді, соның ішінде халық жадында жүрген жорамал мағұлмат көздерін де пайдаландық.

С.Датұлының өмірі мен қызметіне қысқаша сипаттама
Сырым Датұлы шамамен  1742 жылы  Қазақстан Республикасының қазіргі Батыс Қазақстан облысы аумағында дүниеге келген.
Сырым Датұлы 1783 – 1797 жылдары отаршылық мен хандық құрылысқа қарсы тұтастай Батыс Қазақстан даласын қамтыған алғашқы аса ауқымды халық көтерілісінің басшысы ретінде отандық тарихымызға енді.
Кіші Жүз халқы көтерілісінің негізгі себептері қазақ  қауымының саяси дағдарысы, жер мәселесінің ушығуы, патша үкіметінің қазақтардың “ішкі жаққа” (Жайық пен Еділ өзендерінің аралығына) өтуіне тыйым салуы, отарлық езгінің күшеюі, халықты ханның да, сұлтандардың да, Орал казак әскерлері мен патша әкімшілігінің де ашықтан – ашық қанаушылығы болды.
Әйгілі және айрықша тұлға, белгілі батыр және танымал ақын Сырым Датұлы жаңа қалыптасқан тарихи шындықты ең бірінші болып аңғарып, халықтың теңдігі үшін саяси күрес жолына түсті. Оның өмірі мен күресінің халықтық сана мен мәдениеттің бейнелі көрінісіне айналуы да кездейсоқтық емес.
Белгілі тарихшы – шығыстанушы М.П.Вяткин өзінің “Сырым батыр” атты еңбегінде Сырым Датұлының өмірі мен қызметін сипаттай келіп: “Сырым жастайынан ақылды және әділ адам болып қалыптасты, 20 жасында Байбақты руының биі атанды” (М.П.Вяткин “Сырым батыр” 199 бет, Алматы, 1951) Ипериатрица Екатерина Екіншінің генерал – губернатор Иегельстроммен арадағы хат алмасуларынан үзінділер сақталған. Генерал - губернатор Иегельстром: “ Ол (Сырым Датұлы) тұтас Ордадағы ең беделді старшина. Орда оны тегіс тыңдайды. Сырымның ұсыныстары барлық жиындарда сөзсіз орындалады” (К.Темірханов “Сырым батыр” 8 бет. Нүкіс. 1996)
Ол басқарған қозғалыс Кіші жүздегі жағдайды күрт шиеленістіріп жіберді және халық пен қоғамның дамуының негізгі арналарын көптеген жылға ілгерілетіп тастады. Саяси шиеленістің шарықтау шегі хандық биліктің жойылуы және даланы басқаратын сайланбалы орган хан кеңесінің қалыптасуы, сондай – ақ Есім ханның өлтірілуі болды болды. Осы жағдайлардың барлығы тек Кіші Жүздің ғана тағдырын емес, Сырым Датұлының да бұдан былайғы жеке өмірін де айқындап берді. 1797 жылы көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін С.Датұлы өзінің жақын ағайындарымен және жақтастарымен Хиуа хандығының аумағына өтіп кетіп, сонда өмірінің соңғы жылдарын өткізеді. Ол ХІХ ғасырдың бас кезінде осында өлтіріліп, жерленген. С.Датұлы белгілі тұлға болғанына қарамастан оның жерленген жері көптеген уақыттар бойы талас туғызып келді. Тек оның моласының жатқан жері ғана түрлі аңыздар күйінде сақталған.
Біздің алдымызға қойылған міндеттерді шешудің күрделілігін түсіну үшін Сырым Датұлы өмірінің соңғы жылдарына назар аудару керек.

Өмірінің соңғы жылдары, Сырым Датұлы қазасының уақыты мен себептері
Көптеген зерттеулерде оның өлген жылы 1802 жыл деп көрсетіледі. С.Мұқанов, М.Вяткиндер осы датаны атайды. Бұларда 1803 жылы ерте көктемде Хиуа хандығының аумағында Сырым Датұлыныа ас берілгендігін тілге тиек еткен орыс зерттеушісі Я.Гавердовскийдің айтқанына сілтеме жасалады. С.Датұлының 1802 жылы қайтыс болғаны жөніндегі тұжырым осыдан келірп шығады.
Бұл сұраққа жауап өте маңызды. Өйткені ол оның өлімінің жағдайы қалай болғанын да жерлеудің сипаты мен амалдарын де қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Баршаға мәлім 1797 жылы С.Датұлы өзінің жақын туыстарымен бірге Хиуаға көшіп кетеді. М.Вяткиннің пікірінше ол Кіші жүздің саяси өміріне белсенді араласпаған және оның өмірінің бұл кезеңі жөнінде қандайма болмасын хатталған материалдар жоқ. Негізгі дерек көздері ауыздан ауызға көшіп отырған мәліметтер, сондай – ақ халық шығармашылығында айтылатын оның өмірінің үзік көріністері. Атап айтқанда Сырымның қият руынан шыққан Қарақалпақ ақыны Өтепбергенмен айтысы.
Біздің ойымызша оның өмірінің нақ соңғы кезеңі біздің Сырым батыр қайда жерленген деген сауалымызға жауап алуымызға мүмкіндік береді.
Хан кеңесі таратылып, Айшуақ хан болып сайланғаннан кейін Сырым Датұлы Кіші жүз аумағын тастап шығып, Хиуа хандығына көшеді. Кетуінің басты себептері: оның қозғалысының жеңіліске ұшырауы және Есім ханның өлімінен соң қоғам тарапынан бұрынғы қолдаудың болмауы. Соңғы жағдай Сырым Датұлын іс жүзінде тығырыққа тіреді, өйткені Есім ханның туыстары оның өшін алуға ант еткен болатын. Сырым батыр Хиуадан қолдау табамын деп есептеді.
Бұл кезде көршілес хандықтағы саяси ахуал өте күрделі болатын – түрлі бай әулеттер арасындағы таққа таласқан толассыз ішкі саяси күрес хандардың алмасуына әкеліп соқтырып отырды. Бұл процеске қазақ сұлтандары да белсенді қатысты. Өйткені мұнда ХҮІІІ ғасырдың соңына таман қазақ руларының ықпалы зор болды. Мәселе мынада болатын. Ол кезде көптеген рулар қысқа қарай Хиуаға қарай көшетін. Ал жүздің өзінде саяси ахуал шиеленіскен кездерде қазақ сұлтандары осында тұрақтап тұрып қалды. Хиуаның белгілі топтарымен қыз алысып – қыз беріскен құдандалықтары олардың Хиуаның саяси өміріне қатысуына құқық берді. Ал өзара қырқысулар оларды ауық – ауық алғы шепке шығарып отырды. Атап айтқанда Қайып Сұлтан аздаған уақыт Хиуа хандығының тағына отырды.
Алай да Кіші жүздегі саяси биліктің әлсіреуі орта азия хандықтарының  казақтарға шабуылының үдеуіне әкеліп соқтырды. Қазақстарды Хиуадан ығыстырып, қудалау басталды. Көптеген руларды салық төлеуге мәжбүрледі, тонау мен қоқан – лоқы жасап тартып алу жағдайлары кездесті.
Сырым Датұлының тұлғасы, оның жалпақ жұртқа мәлімділігі Хиуаның билеушілеріне жақпады. Бастапқы жылы жүзді қабылдау мен өңірде тума – туысқандарымен тұруына берілген рұқсат бірте – бірте салқындай берді. Сырым батыр мен оның әскерлерінің қазақ ауылдарын тонаған Хиуа ханының нөкерлерімен қақтығысып қалғаны жөніндегі дерек мәлім. Осының салдарынан 40 – тан астам хиуалық өлген. Бұл факт  халық аузында сақталған. Осыдан кейін Хиуа мен Сырым арасы күрт шиеленісті.
Сырым Хиуа хандығында осындай қолайсыз жағдайда қалды. Елге қайтатын жол болса жабылып қалды. Нұралының туысқандары – сұлтандар Сырымды өлтіруге уағдаласты. Ал жергілікті билеушілердің қыспағы жағдайында Хиуада қалу қауіпті болды. Бізге белгілі жай бойынша Сырымды у беріп өлтірген. Сөйтіп ол әдейі өлтірілді, ал оның өлімінің себебі – улану. Осыдан оның өлімінің екі тұспалы мәлім болып шығады.

Біріншісі.  Оны қазақ сұлтандары улаған. Ресей империясы І Думасының депутаты Бауыржан Қаратаевтың естелігі бойынша оның атасы Қаратайдың осы өлімге тікелей қатысы болған.
Сырым Датұлы өлімінің екінші тұспалы. Ол Хиуа хандығының әмірі бойынша уланған.
Жалпы алғанда осы тұспалдар бойынша Сырым Датұлына өшіккен қазақ сұлтандарының тарапынан болсын, хиуа хандығы жағынан болсын қазаның себебі – улану. Сол себепті зиратын бұзу қаупі төнгендіктен, оның жерленген жері жасырылды. Сырым Датұлы қай жерде өлсе, өзін сол жерге жерлеу жөнінде өсиет қалдырғаны белгілі. Ол қалыптасқан жағдайға байланысты өзіне отанында торырақ бұйырмайтындығын сезген.
Сол себепті қазақ сұлтандары мен хиуалықтар сарайының саясаты Сырым Датұлын құпия жерлеудің басты себебі болды. Соңғы жылдары аталған аймақта саяси ахуал күрт шиеленісті. Коқанд  және Хиуа хандықтарының күшею үдерісі жүріп, олардың қазақтарға қысымшылық көрсету саясаты басталды. Қазақтың белгілі әулеттерінің ықпалы құлдырай түсті. Орта Азия хандықтарының аумақты экспансиялауы салдарынан қазақтардың бұрынғы жерлерін көршілер тартып алды. Осының барлығы қазақ жұртшылығының тоналуы мен жәбірленуіне әкеліп соқтырып, қазақ ауылдарының көпшілігінің бұл аумақтан ауып кетуіне себеп болды.  1812, 1816 және  1820 жылдары Хиуа ханы Мұхамед – Рахым  Сырдария маңында көшіп жүрген қазақтарды үш мәрте шауып алады. Сырым Датұлының көптеген ұрпақтары мен туысқандары қаза тапты, қалғандары бұл жерлерден кетуге мәжбүр болды. Байбақты – қазақтардың аз ғана шоғыры қазіргі Қарақалпақстан аумағында қалып, шінәра осы халыққа  мүлде сіңіп кетті(ассимиляцияға ұшырады). Сол себепті Сырым Датұлы мен оның жерленген жері туралы дерек негізінен алғанда оның ұрпақтарының жалдында ғана сақталып қалды. Мұнан кейінгі ХІХ және ХХ ғасырларда аталған мәселеге оралуға тарихи мүмкіндік болмады.
Осының барлығы жинақталып келіп, Сырым Датұлының жерленген жерін табуды келер ұрпақ үшін келелі мәселеге айналдырды.

Жерленген жері. Нақ жерленген жері жазба нұсқаларда да, тарихи туындыларда да жоқ. Бұл мәселенің күрделілігіне Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология Институты ғалымдарының осы мәселеге қатысты біздің ресми сұрау салуымызға берген жауабы да айғақ. Жауапта Сырым Датұлының нақты жерленген жері белгісіз, бірақ ол өмірінің соңғы жылдарын Хиуа хандығында өткізді делінген. Хатқа Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология Институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Н.Бурханов және жетекші маман, тарих ғылымдарының докторы, профессор В.З.Валиевтер қол қойған.
Сол себепті біз ізденістеріміздің негізіне Сырым Датұлының жерленген жері туралы белгілі екі тұжырымды негіз етіп алдық.
Бірінші. Ақсақалдардың пікірінше Сырым батыр, қайтыс болғаннан соң туған жеріне жасырын әкелініп, қазіргі Сырым ауданының аумағына жерленген. Бірақ та бұл тұспалдың әдетте мұндай жағдайға тән болып келетін сипатты белгісі, батыр жатқан жердің қандай ма болмасын елді - мекенге, немесе атаулы жерге қатысы айтылмағандықтан, сенімсіздік туғызады. Сонымен қатар көптеген жылдар бойы жүргізілген зиратты ізестірулер бұл көзқарасты жақтаушыларға Сырым батырдың жерленген жері жөнінде өз тұжымдарын айтуға мүмкіндік беріп еді ғой. Бірақ ондай пікір болмады. Оған мысал ретінде бірде бір тарихи туындыда мұндай тұжырым жоқ. Мұндай қауесеттердің тарауы аудан аумағында Сырым Датұлы балаларының жерленген зиратттары болғандықтан, оны кейбір  жағдайды жеткілікті білмейтін адамдардың оны батырдың жатқан жеріне балағандықтарынан шығып жатса керек.
Сол себепті нақты негізі жоқ,  ауызша айтқандарға негізделген бұл тұспалдар батырдың моласы жатқан жер дейтіндей сенімді тұжырым бола алмайды. Оның үстіне біз ол туралы жұртшылықтың бір бөлігінің санасында ғана қалғандығын еске салып өттік.
Екінші. Сырым Датұлының Хиуа хандығында жерленгені туралы жорамалға келетін болсақ,  іс жүзінде барлық тарихи зерттеулерде осы аумақ айтылады.
Сырым Датұлы Хиуа хандығының аумағында жерленді делінетін алғашқы тұжырым ХІХ ғасырда пайда болды.  Я. Гавердовский 1822 жылы Санкт- Петербургте жарық көрген «Қырғыз қайсақ даласына шолу» атты зерттеуінде Хиуа хандығында « ...далаға аяқ басқанымызға дейін бірнеше ай бұрын өмірден өткен Сырым батырды еске алуға арналған ас беру рәсіне» тап болғандығын көрсетеді. Хиуадағы зираттың жатқан орыны туралы бұдан кейінгі барлық зерттеушілер айтқан. С.Мұқанов «Литературный Казахстан» журналының 1940 жылғы №5 санында  жарияланған «Батыр Сырым» мақаласында, М,Вяткин  1947 жылы жарық көрген «Батыр Сырым» монографиясында осылай көрсеткен.
Сырым Датұлының тұлғасына тек тарихшылар ғана емес, басқа ғылым салаларының өкілдері де, атап айтқанда филологтар, этнографтар да белсенді түрде назар аударады. Әсіресе өлкетанушылардың ізденістерінің маңызы зор.
Нәтижесінде С.Датұлының жерленген жері туралы мәселені көтерген әдебиеттердің айтарлықтай кең ауқымы пайда болды. Іс жүзінде осы жұмыстардың барлығында да  Хиуа хандығының аумағы еске алынады. Аталған жұмыстардың игілікті маңызы ғылыми айналымға жаңа дерек көздерінің кең ауқымы тартылғандығында болып отыр. Олардың іштерінде көп жасаған қариялардың, туысқандарының және өздерінің даңқты бабалары туралы арғы тарих қойнауында қалғандарды жадында сақтаған тікелей ұрпақтарының естеліктері айрықша орын алады.
Қарақалпақстанға барғанда біз мүлде өзге әлемге, Сырым батырды көпшілігі білетін, ал тікелей ұрпақтары ол туралы көп жайды жадында сақтаған жерге тап болып, олар біздің экспедициямызға баға жетпес көмек көрсетті.
Сол себепті біз аталған мәселе жөніндегі барлық белгілі құжаттар мен материалдарды қарап шықтық. Мұрағаттық, тарихи, ғылыми материалдарға талдауларды, сондай –ақ естеліктер мен ауызша мәліметтерді, соның ішінде Сырым Датұлының ұрпақтарының айтқандарын біз экспедиция жұмысының негізіне алдық.
Нұсқаларды қарай келіп, біз неғұрлым сенімдірек екі негіздемеге тоқталдық.  
Бірінші негіздеме. Сырым Датұлы Қарақалпақстанда жерленген және «Гыжик – батыр» деген атпен мәлім. Оны Маңғыстау өңірінен У.Оралбаев көтеріп, Сырым Датұлы Нүкіс қаласынан 60 шақырым «Қыпшақ» (бұрынғы) кеңшарының аумғындағы, Қыпшақ пен Қожакел кенттерінің аралығындағы «Гежек – баба» қорымындағы «Бесстөбе» деген жерде жерленген деп жазған. Онда ол мәліметтің 85 жастағы жергілікті тұрғын Қалмаханнан алғандығын айтқан.
Осы тұжырымды анықтау үшін біз сол аталған ауданға жол тарттық. Бізге Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының тарих, этнология және археология Институты Қарақалпақ бөлімшесінің ғалымдары мен жергілікті тұрғындар жолбасшылық жасады. Іздестіру барысында біз Қыпшақ кенті маңынан 3 мәйіт жатқан қорымды таптық.
У.Оралбаев көрсеткен кент тұрғындарымен тілдесіп, экспедиция мүшелерінің бейне және дыбыс жазба техникасына түсіріп алғандарын салыстырып қарағнда ол жазған мәліметтерді айғақтай алмады. Қариялардың бір де біреуі Сырым Датұлы туралы естімегендіктерін айтты және оның есімін аталған жермен сабақтастырған жоқ.
«Гжыик – батыр» қорымының өзі саман тастан соққан үш мазардан тұрады. Жорамалданған Сырым Датұлының моласынан біз жан жағы 7 де 7  метр және биіктігі 3,5 – 4 метр төрт бұрыш пішініндегі үлкен және биік құрылысты түсіріп алдық. Ішкі жаққа кіретін жер оңтүстік қабырғаға орнатылған есік үлгісіндегі ашық саңылау, ортасында айналасына тастар тасталған екі шағын төмпешік жатыр. Оңтүстік қабырғада есік жақтауынан екі жаққа қарай биіктігі 1 метр ені 40 сантиметрлік жоғары қарай мешіт күмбезі пішініндегі қуыс шығарылған. Бұл Меккеге қаратылғанын бейнелеп тұрған «құбыла». Құрылыстың төрт бұрышы мен қақ ортасына сәндік ретінде биік және көрнекі құлақшалар орнатылған. Олар құрылысқа кіре берісті де безендіріп тұр. Нысана жалпы биіктігі 3,5 метр төрт қатар пахсалық блоктардан тұрғызылған және бір кездерде тегіс қаптамасы болған. Ортасында топырақ және тас плиталар жарықшалары үйілген 2 мәйіт. Г.Ходжаниязовтың пікірінше бастапқыда мешіт ретінде пайдаланылған сыңайлы. Оған кіре берістен екі жақтағы “михраб пішіндес” қуыстар айғақ. Молалар кейінірек пайда болған. Сол себепті аталған құрылыстың мешіт ретіндегі бастапқы қызметі жоғалғанға ұқсайды.
Сыртқы көрінісі жағынан нысана ХҮІІІ – ХІХ ғасырларда Арал теңізінің оң жағын мекендеген қарақалпақтардың діни құрылыстарын еске түсіреді. Осындай құрылыстар (мешіттер, жерлеу орындары, сағаналар және басқалары) Арал өңірінің Жаңадария мен Қуаңдариядан Мағытқа дейінгі көртеген жерлерінде кездеседі.
Сөйтіп, салынуының ерекшеліктері мен құрылыс әдістерінің сипаттамаларын, сондай – ақ бастапқыда мешіт қызметін атқарғандығына талдау жасай келіп,  мамандар “Гыжик – батыр” жатқан жер қазақ батыры Сырым Датұлы жерленген жер емес деген қорытынды жасайды.
Екінші негіздеме. Сырым Датұлының зираты Хорезм облысының Үргенш қаласынан 50 – 60 шақырым жердегі жалпы тарихи атауы “Майлышеңгел” деп аталатын, “Ғайып ата”, немесе “Ғайып баба”, сондай – ақ “Ғайыптан келген”  ( аударманың екі мағынасы бар – 1. “белгісіз жақтан келген; 2. “елес”, көрінбейтін”)  атаумен мәлім жерде жатқан сыңайлы.
Біз бұл негіздемені газет жарияланымдарында, сондай – ақ ғылыми әдебиеттерде көрсетілген белгілі мәліметтерді талдап, танысқаннан кейін зерттей бастадық. Атап айтқанда, 2002 жылы “Орал өңірі” газетінде И.Ермекбаевтың Хиуа хандығындағы Сырымның жерленген жері туралы мақаласы жарияланды. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Н.Есқалиевтің сапары туралы білеміз. Онда ол Үргеншке таяу жердегі Гурлен кентіндегі батырдың жерленген жеріне барғандығын айтады. Сондай – ақ аталған жерді көрсететін бірқатар жанама дерек көздері де бар.
Бірақ біз басқа дерек көзін негізге алдық. 1998 жылы Нүкіс қаласында жергілікті оқымысты, ғылым кандидаты К.Темірхановтың “Сырым батыр” кітабы жарық көрді, Онда Сырым Датұлы Хиуадан қайтып келе жатқан жолда уланғандығы туралы аңызды анық келтіреді.  Ол қаза тапқаннан кейін қасында болған  серіктері мүрдені жақын маңдағы кентке дейін  алып келіп, жергілікті имаммен келісе отырып Әмударияның суы баспайтын ең биік жеріне жерлейді.  “Ғайыптан тайып келген адам ғой мына биіктеу жерге жерлеңдер” – деп су алмайтын орынға қойғызыпты. Сол шақтан бастап жерленген жерге “Ғайыптан тайып келген адам еді” деген атау орнығып, келе – келе “Ғайып – ата” болып кеткен. Бастапқы кезде бұл елді мекенде жаппай өзбектер тұрған. К. Темірхановтың жазуынша, бастапқыда молаға келушілер көп болған, бірақ уақыт өте бара даңқты батырдың басына келіп зират етуші қазақтар легі күрт азайған. Автор Сырым Датұлы ұрпақтарының аталған жерге келгендіктері жайында бірқатар мысалдар келтіреді.
Оған ең әрісі 1984 жылы, соңғы рет 1992 жылы келгендер мәлім көрінеді.  Сонымен қатар автор  байбақты руынан тараған жергілікті қазақтардың зиратқа мына адамдардың келгендіктерін көргендіктеріне де сілтеме жасайды: 80 – 90 жылдары Қарақалпақ АКСР бас прокуроры Дауымшар Ожыраев, 1992 – 2002 жылдары Қарақалпақстанның Ходжелин ауданының хакімі – Сапарбай Нұрходжаев келіпті. Ғалым олардан басқа Батыс Қазақстан облысынан келген Ихсанғали өзінің ата – бабаларының айтып кеткеніне сүйене отырып Сырым Датұлының мәйіті Гурленде екендігін тура мәлімдеген.
К.Темірханов 81 жастағы Ережен Ерназаровтың өз әке шешелерінің айтқанына сүйене отырып айтуы бойынша Сырым Датұлының зиратына сипаттама береді. Оның әңгімесіне қарағанда 1992 жылы айналасына қалың ағаш өскен, ұзындығы 8 метр, ені 5 метр, биіктігі 2 метр мазар түрінде болған. Мазар саздан тұрғызылып, шатырмен жабылған, екі бөлмелі: біріншісінде Сырым Датұлының өз мүрдесі, екінші бөлмеде – алыстан келгендер табынатын, тіпті кейде қона жататын зиратхана болған. К.Темірхановтың өзі осы зиратқа 1949 жылы барған өз әкесінің әңгімесіне сілтеме жасайды.
Сөйтіп, осы екі негіздемеден экспедиция мүшелерінің неғұрлым назарын аудара түскені Сырым Датұлының “Ғайып  - ата” атауымен мәлім зиратқа жерленгендігі туралы негіздеме болды.
Аталған жерді біз өзбек ғалымдарының, сондай – ақ жергілікті тұрғындардың, соның ішінде Сырым Датұлының ұрпақтарының көмегімен іздестірдік.  Нәтежиесінде біз ресми түрде “Ғайып – ата” деп аталып, кіре берісінедегі қақпаға да солай  жазылып қойылған зиратқа бардық.  Зираттың қақ ортасында Ходжейлен ауданының Таза – База ауылының тұрғыны Құдіретов Исағали бізге көрсеткен  биік жерде тастан салынған екі күмбезді мазар тұр екен. Қорымның діни қызметшілері,  имамы Аллаяр Халлиев пен зираттың шырақшысы Пулат Давлетовтың айтуынша мазар 2004 жылы бұрын бұзылып жатқан құрылыстың орынына жергілікті әкімшіліктің қаржысымен  және жұртшылықтың оның сипаттауынша “дехкан халқының” күшімен  тұрғызылыпты.  Бұл жерде жатқан адам жөнінде қандай ма болмасын жазуды, немесе ескерткіш тасты  олар көрмепті.  Оның Қазақстаннан келген адам болғандығы және сол қаза тапқан жеріне жерленгендігі ғана мәлім көрінеді. Бастапқыда мұнда табынуға қазақтар келіп тұрған және бара – бара жергілікті жұртшылық арасында осында табыну дәстүрі қалыптаса бастаған, бірақ уақыт өте келе зиратқа бірлі жарым ғана қазақтар келетін болған. Жергілікті жұртшылықтың жадында тек қана “Ғайып – ата” есімі орнығып қалған, ал жерленген адамның нақты есімін қазіргілер мүлде білмейді. Сондай – ақ А.Халлиевтің сөзіне қарағанда мұнда соңғы жылдары Қазақстаннан жекелеген адамдар келген, бірақ олар өздерін таныстырмаған және ешқандай мәліметтер қалдырмаған.
Осы жерді қарап, жалпы зиратқа тұтастай талдау жасап, жергілікті жұртшылықтан сұрастыру нәтижесінде біз мыналарды анықтадық.
Аталған жердегі қорымның пайда болғанына 2 ғасырдан астам уақыт өткен. Олардың ең ежелгісі осы қорымның ашылуына негіз болған “Ғайып бабаның, немесе “Ғайып атаның” мәйіті болып есептеледі. Бұл жерде қазіргі ғимарат салынғанға дейін төрт мазар болып, олардың барлығы да саз балшықтан соққан “пахса” қабырғалары шым кірпіштермен өрнектеліп, ағашпен көмкерілген. Әдетте, мұндай құрылыстар ұзақ тұрмайды. 40 – 50 жыл бедерінде іс жүзінде құлап бітеді. Сол себеті бұзылғандары кезінде жаңа құрылыстарммен алмастырылып отырылған. Соңғы рет 2004 жылы жаңартылып, қазіргі мазар тұрғызылған.  Қасында пішіні жағынан алдыңғыларына ұқсайтын бірнеше ескі зираттар бар және олар өткен құрылыстар туралы ой салады. Қорымда небәрі 500 – ден астам діни ғибадат құрылыстары бар. Олардың көпшілігі ХІХ – ХХ ғасырлардағы өзбек – хорезм зираттары болып табылады. Қазіргі заманда салынғандары да бар. Зираттар “сахона” (Снесарев Г.П. және Поляков С.П.) ретінде клкссификацияланады. Қабір үстіндегі мәйіттер шым және күйдірілген кірпіштерден салынған. Кейбір жерлерде шым мен “пахсыдан” араластыра салынған зираттар да кездеседі. Қорымның жалпы аумағы 1,5 гектар.
Сырым Датұлының жерленген жері оны қоршаған құрылыстардан ерекшеленіп көрінеді. Өзіне тән сипаттамасы бойынша ол осы жердегі бұрын болған және К.Темірханов жазған мазарды еске түсіреді.
Мазар ортада тұр. Күмбезі жергілікті күйдірілген кірпіштен салынған және екі бөліктен тұрады. Бұрыштары жарыққа қарай қаратылған. Маңдайшасы  израсецті – түрлі пішіндегі тастармен безендірілген.   Есігі “пештак” үлгісіндегі күмбез тұрпатында хорезм стиліндегі кесінді оюларға бай тұт ағашынан жасалған. Араб графикасымен “2004” саны жазылған. Күмбез кірпіштен тұрғызылып, сыртқы және ішкі жағы сылап, тегістелген. Ғимараттың еденіне қиыршық тас араластырылған құмтас құйылып тасталған. Ішкі қабырғалардың жақтауларын бойлай іргетастың тіректері мен шығыңқы тұстарына да осындай құйма құйылған. Ішкі жақтары извест араластырылған құм сылақпен тегістелген. Бірінші бөлік 4.30 метрден  1,70 метрге дейінгі көлемде және зират етушілерге қызмет етеді.  3.20 м.  және 4,40 метр мөлшеріндегі екінші бөлікте ұзындығы 3,20 метр, ені 1,45 метр “қабір” тұрпатындағы мәйіт жатыр.  Қабірдің жоғарғы бөлігі  - күмбезделіп тегістелген. Төмпешікті зират етушілер ақ және түрлі түсті материалдармен көмкеріп тастаған.
Аталған мазар Өзбекстан Республикасы аумағындағы Хорезм облысының Гурлен ауданындағы Навои кентінің жанында. Дәл тұрған жері – Майлышеңгел елді – мекеніндегі аудан орталығы Гурленнен 9 шақырым. Қорымның географиялық нүктесі GPS жаһандық стационарлық белгілеу жүйесі бойынша:  N  41  53 933” Е 060 13  092”.

Экспедиция мүшелері аталған зиратты зерттеп, сондай – ақ қолда бар барлық мәліметтерге сүйене отырып мынадай қорытынды жасайды:
1. Белгілері мен мәліметтерінің жиынтығы бойынша аталған жерлеу орыны Сырым Датұлының ақырғы дамылдағын жері болып табылады.
2. Тұрғызылған мазар өзінің негізгі тұрпаты мен белгілері жағынан бұған дейін болған мазардың сипатын қайталайды. Бұл мұсылман дәстүрлерін ескере отырып қазақ зираттарына неғұрлым кең таралған стилдің жалғастылығы мен ұқсастығы жөнінде айтуға мүмкіндік береді.
3. Өзбекстанның жергілікті тұрғындары – қазақтардың басым бөлігінің Сырым Датұлының жерленген жері шын мәнінде Гурленде жатыр деп тура мәлімдеген пікірлерін де теріске шығаруға болмайды. Бұл пікір  зор беделі бар қазақтардың аттарымен де беркіндіріле түсіп, осындай ашық мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді. Олар – Қарақалпақстан АКСР – ның 80 – 90 жылдардағы бас прокуроры - Дауымшар Ожыраев, Қарақалпақстанның Ходжейлен ауданының 1992 – 2002 жылдардағы хакімі - Сапарбай Нурходжаев, Ходжейлен ауданындағы Таза База ауылының ақсақалы - Исағали Құдіретов, Ходжейлен ауданының “Аму – Дарья” кеңшарының бұрынғы директоры Жүсіпқали Дәулетов, Қарақалпақстан АКСР – ның 1970 – 2002 жылдардағы суландыру министрінің орынбасары – Исатай Дәулетов, “Аму – Дарья” кеңшарының бұрынғы бригадирі – Серікбай Темірханов, оның інісі Сырым Датұлы туралы арнаулы монография авторы, ғалым – Қайрат Темірханов. Олардың барлығы да байбақты руынан шыққан қазақтар, осы жерде туып - өскен, ата – бабалары да осы жерде өмір сүрген жандар. Сондықтан да деректер тікелей ауыздан – ауызга көшіп отырған.  Мұндағы қазақ ұлысының  шектеулілігі, олардың салыстырмалы түрде алғанда азшылығы жағдайында бұл мәлімет көздерінің сенімділігі өте жоғары деңгейде. Жоғарғы деңгейді айқындаудың шынайылығы осы кезге дейін бір – бірімен байланысы болмаған адамдардың пікірлерінің үйлесімділігінде жатыр.
4. Сырым Датұлының жерленген жері  “Гыжик – батыр” қорымында деген жорамал шындыққа сай келмейді. Өйткені бұл құрылыс маман археологтардың пікірінше Оңтүстік Арал қарақалпақтарының ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы діни құрылыстарына тән болып келеді.

Ұсыныстар:
1. Сырым Датұлы жерленген жерге қазақ стиліндегі тиісті жазба – түсіндірмесі бар құлпытас орнату керек.
2. Мүмкіндігінше Сырым Датұлының мәйітіне кіретін жерге абаттандыру жұмыстарын жүргізген жөн.
3. Батыс Қазақстан тарих және археолргия орталығына Қазақстан мен Ресейдің ғана емес, Өзбекстанның да жетекші ғалымдарын шақырып ғылыми – тәжірибелік конференция өткізуді тапсыру қажет.
4. Батыс Қазақстан тарих және археолгия орталығына Сырым Даитұлы туралы ғылыми зерттеулер антологиясын әзірлеп жариялау тапсырылсын.
5. Батыр жерленген жерден әкелінген топырақ салынған капсула Сырым ауданының жеріне салтанатты түрде берілсін.

Экспедиция жетекшісі, Батыс Қазақстан облыстық тарих
және археология орталығының директоры,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор М.Сдықов