Кіру

Жеке бөлмеге кіру

Пайдаланушы аты *
Құпия сөз *
мені есте сақтау

  8(7112)  51-52-26

   8(7112)  51-52-26

Жайық қалашығы

Жайық қалашығындағы дөңгелек пішінді жерлеу орыны

Ортағасырларға (ХІІІ-ХІV ғғ.) тиісті Жайық қалашығы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының  (Зачаған аумақтық округі) аумағында Орал– Атырау тас жолының 12 км жайласқан.
Қаланың аумағын оңтүстік және оңтүстік-шығыстан Жайық өзенінің терраса баурайы шектесе, ал айналасынан табиғи жыралар қоршап тұр. Аумақтан қандай да бір антропогендік қоршаулардың іздері байқалмайды. Археологиялық нысаналардың іздері байқалатын ауданның аумағының көлемі қазіргі таңда 9-10 га құрайды. 

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеші тұрғын, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Қазір бізге белгілілері - кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер.
2013 жылы дала маусымында қалашықтың қорымы орналасқан Желтаудың үстінде №1 қазба орны жасалды. Бұл орын негізгі ескерткіштер шоғырланған қалашықтан 2 км қашықтыта орналасып, кең плато жазығы болып, Борлы таумен аяқталып Жайық өзенінің шығыс бөлігі болып келеді. Алдынғы жылдары осы жерде бірнеше жерлеу орындарының қалдықтары зерттелген еді. Қазба орыны «Үлкен кесене»  ескерткішінен солтүстік-шығыс бағытта, 300 м қашықтықта орналасты. 
2013 жылға дейін бұл жерлерде егіншілік шаруашылығы болған. Қазіргі таңда жер тегістігінде биіктігі 0,5 м болған екі топырақ үйінділері байқалады.  Бұл жерде тегістік оңтүстікке қарай жәй еңісті болып келеді. Қазба жұмыстарын бастамастан бұрын осы секторда күйген кірпіштердің, қождың  (шлак) қалдықтары көптеп кездесті. Әр жерлерде қыш құмыралардың сынықтары кездеседі. Нысан қазба жұмыстарынан бұрын диаметрі 15 м, биіктігі  0,5 м топырақ үйіндісі болды. Жердің жоғарғы қабаты алынғаннан кейін дөңгелек пішіндегі құрылыстың сұлбасы  (контур) көріне бастады.  Ескерткіш, ортасында камерасы бар дөңгелек пішінді жерлеу құрылысы екендігі белгілі болды. Ескерткіштің сақталған

Жердің жоғарғы қабатын алғаннан соң құрылыстың сұлбасы. Жайық қалашығы

қабырғасының қалыңдығы 2,20-2,25 м.  Архитектуралық тұрғыдан  кесененің қабырғасы күйдірілген және қам кірпіштердің ортасына қож және кесек тастарды салып аралас тәсілмен тіктеген. Өкінішке орай, қазба жұмыстары кезінде ескерткіш қабырғасы кірпіш қалауының ең төменгі қатары сақталғандығы белгілі болды, ал бүтін кірпіштер мүлдем сақталмаған, олардың тек сынықтары кездеседі. Күйдірілген кірпіштермен құрылыстың тек сыртқы периметрін қалаған, бұндай тәсілмен кесененің тек сыртқы фасады безендірілген болуы мүмкін.


Жерлеу орнының кірпіш қалау тәсілі. Жайық қалашығы

Күйдірілген кірпіштерден соң қам кірпіштерден қаланған қатар кетеді. Қам кірпіштердің пішіні тік бұрышты болып, көлемдері  15х30х6, 17х32х6, 18х33х7 см болып, олардың аралығы қож сынықтарымен толтырылған. Жер тегістігінің жоғарғы қабатын алғаннан кейін құрылыстың ортасында жерлеу камерасының сұлбасы анық көріне бастады.
 

  Жерлеу орнының сыртқы периметрі күйдірілген кірпіштермен көмкерленген. Жайық қалашығы

Құрылыстың оңтүстік-батыс бөлімінде сыртқы қабырғаның бұзылған орынының іздері байқалады. Қабырғаның осы жерінде тонаушылық кіру орыны болғандығы ықтимал. Сыртқы қабырғадан солтүстікке 40 см аралықта, -132 см нүктесінде адамның бас сүйегі табылды. Айналасында басқа сүйек мүшелері кездеспейді, бұл, кесенені тонау кезінде сүйек орнынан алынып басқа жерге лақтырып тасталғанын айқындап тұр. Бас сүйек бүйірленіп жатып, желке жағында кірпіштің екі сынығы табылды. Сүйек тігістерінің өсуіне байланысты, жерленген ересек адам болғандығына болжамдаймыз. Құрылыстың қабырғаларынан батысқа қарай 3,20 м аралықта  балшық аралас күйдірілген кірпіштердің үйіндісі орналасқан. Балшық ақшыл сары түсті болып, материктен шұғыл айырылып тұр. Үйіндінің көлемі 2,80х2,20 м.  Бұл орынды тазалау кезінде үйіндінің төменгі жағында жасанды шұқыр болғандығы белгілі болды. Бұндай терең емес шұқыр алдын ала қандайда бір құрылыс тіктеу үшін жасалған болуы мүмкін деген болжамға итермелейді. Дәл осындай үйінді құрылыстың шығыс бөлігінде, қабырғадан 3,60 м аралықта табылды.

Жерлеу орынының айналасында орналасқан үйінді. Жайық қалашығы

Бұл үйіндінің көлемі 3,40х2,80 м.  Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл үйінділер ненің қалдығы екендігін, бірнеше себептерге байланысты, нақты айту мүмкін емес. Бәлкім, ескерткіш бұзылмастан алдын ортасында дөңгелек пішінді кесене болып,  шығыс пен батыс сызығында екі мұнаралы құрылыс болған болуы мүмкін.

Жерлеу орынының камерасы. Жайық қалашығы

Ескерткіштің оңтүстік бөлімінде қам кірпіштен қаланған, кесенеге жапсыра салынған құрылыстың қалдығы жайласқан. Құрылыс қалдықтарының  көлемі 15х30, 17х35 см. Жапсырма құрылыс кесененің алдына ішке кіруге ыңғайлы болу үшін салынған пандус болуы мүмкін. Бұндай болжамға бір деңгейде құлаған қабырға үйінділері де дәлел болып тұр. Кесененің жерлеу камерасы, оңтүстік шығыс секторындағы тонаушылық шұқыры кесірінен  бұзылған.

 Қазба жұмыстарынан кейінгі жерлеу орынының жалпы көрінісі. Жайық қалашығы

Жерлеу камерасын тазалау кезінде іші толығымен күйдірілген және қам кірпіштер сынықтары шашылып жатырғандығы белгілі болды.  Камера жоспарда дөңгелек болып келіп, диаметрі  5,10 м.  Қазба кезінде камера ортасында 70 см тереңдікте адам сүйектері табылды. Сүйектер шашыраңқы күйде, анатомиялық емес жағдайда жатты. Жерлеу шұңқырының түбі, қазіргі тегістіктен 125 см тереңдікте. Жерлеу камерасын тазалау кезінде екі адам бас сүйегі мен басқа да сүйектері табылды. Сүйектердің бәрі камераның барлық периметрі бойы лақтырылып тасталған.  Кесенеден оңтүстік бағытқа қарай 3,50 м аралықта 5 терең емес, таяз шұқырлар табылды. Шұқырлардың тереңдігі 40-52 см, ал диаметрлері 45-75 см, тазалау кезінде олардың ішінен еш нәрсе табылмады.
Қорытындап келгенде, дөңгелек пішіндегі кесене орта ғасырларда тоналған, бұндай тұжырымға кесене қабырғасының бұзылуы мен адам сүйегінің шашылып жатырғаны дәлел. Кесененің  қабырғаларының қалың болуы үлкен ауырлықтың болғанын айғаптап тұр. Біздің ойымызша, тұрғызылған кезінде кесене, биік күмбез тәрізді немесе мұнара типтес ескерткіш болған сияқты.

Жерлеу орынының графикалық реконструкциясы. Жайық қалашығы

Ескерткіштің оңтүстік бөлігінде табылған шұңқырлар да құлпытас  белгілер болғаны ықтимал. Бұл болжамды айтуға кесенеге кіре беріс орыны осы оңтүстік бөлімінде болып, оның алдында құлпытастарды тіктеген. Осы қорытындылар негізінде кесененің графикалық реконструкциясы жасалды.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қалменов М.Д. «Жайық қалашығында тағы бір кесене орны табылды», Журнал «Дана-Каз», №2-3, 2014, стр. 17-19,  Алматы
2. Калменов М.Д. «Круглое погребальное сооружение с городища Жайык», Материалы 4-международной научной конференции «Кадырбаевские чтения - 2014», стр. 201-208, Актобе
3. Калменов М.Д. «Отчет об археологических исследованиях на городище Жайык в 2013 г.» // Архив ТАО БҚО.

Қалменов Мұрат
тарих ғылымдарының кандидаты,
Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының
ғылыми қызметкері